Ақмола облысы әкімдігінің қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарып, оны жедел жәрдем келгенге дейін клиникалық өлім жағдайынан қайтарды.

14 шілдеде Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкері Сатыбек Жолдаспаев жұмыс сапарымен Зеренді ауылына барды.

Оның айтуынша, күндізгі сағат 12 шамасында ол баланың батып бара жатқанын көрген. Осы кезде баланың анасы да көмек сұрап айқайлады.

"Бірден жүгіріп бардым. Бала есінен танып жатты. Бұған дейін, мамыр айында мен төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету курсынан өткен болатынмын. Осылайша, алған білімім кәдеге асты. Баланы ояту үшін мен жасанды тынысқа жүгініп, алғашқы көмек көрсеттім. Менің қасымда баланың анасы және менің әріптестерім болды. Егер менің орнымда басқа біреу болса, ол баланы құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасар еді. Бұл біздің адами борышымыз", - деді Сатыбек Жолдаспаев.

Бала есін жинағаннан кейін жедел жәрдем қызметі келіп, баланың жағдайын тексерді. Дәрігерлер баланың клиникалық өлім жағдайында болғанын айтты. Егер уақытылы көмек көрсетілмесе, жағдай мүлде басқаша болар еді.

Қазір бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланады.

Дереккөз: Tengrinews.kz