2017 жылғы 9 тамызында Теректі ауданында 12 ауылдық округтің әкімдері сайланды.

Аудан орталығындағы Мәдениет үйінің кіші залында өткен сайлауға аудандық мәслихат депуттаттары қатысты. Алдымен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы В.Кушнер таңдаушыларға дауыс беру тәртібін толық түсіндіріп өтті.

Мерзімі келген Богданов, Аңқаты, Ақжайық, Федоров, Подстепный, Ақсоғым, Шағатай, Шалқар, Приречный, Новопавлов, Ұзынкөл, Ақсуат ауылдық округтерінің әкімдігіне үміткер ретінде аудан бойынша 37 үміткер тіркелген еді. Олар осыған дейін мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сонымен бірге үміткерлердің сенімді өкілдері де сөз тізгінін алған болатын.
Халық мүддесін қорғайтын аудандық мәслихат депутаттары арнайы дайындалған кабиналарға еніп, үміткерлер арасынан ең іскерін һәм қабілеттісін таңдауға тырысты. Көп ұзамай сайлау нәтижелері де белгілі болды. Нәтижесінде, Богданов ауылдық округінің әкімі Әсет Әубәкіров, Подстепный ауылдық округінің әкімі Сержан Мәдиев, Шағатай ауылдық округінің әкімі Рүстем Мүтиев, Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин, Новопавлов ауылдық округінің әкімі Әліби Аманғазы, Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Мақсот Мурзакаев, Ақсоғым ауылдық округінің әкімі Абзал Хами өз лауазымдарына қайта сайланды. Депутаттар берген дауысқа сүйенсек, Федоров ауылдық округі бойынша Болатбек Тлегенов, Ақжайық ауылдық округі бойынша Болат Қадралиев, Приречный ауылдық округі бойынша Мейрамбек Жақсыбеков және Ақсуат ауылдық округі бойынша Максим Энгелов әкімдік қызмет атқаратын болады.
Енді сайлау комиссиясы нәтижелерді аудан әкіміне тапсырады. «Әкім болам, халқыма жақын болам» деген азаматтар тың күшпен ел игілігі үшін жұмыстанады деп сенім білдіреміз.